АҚШ-тың штатында орналасқан балалар лагерінде ер адам қарудан оқ атты, деп хабарлайды ҚазАқпарат NBC News-ке сілтеме жасап.
Оқиға Даллас округі Дунканвилл қаласындағы Duncanville Fieldhouse спорт кешенінде болған. Онда 4 пен 14 жас аралығындағы 250-ге жуық бала жүрген. Олардың ешқайсысы зардап шеккен жоқ. Атыс басталғаннан кейін балалардың бір бөлігі қауіпсіз аймаққа шығарылды.
Қарулы ер адам жастар спорт орталығының ғимаратына кірген. Кіреберісте оған күзет қызметкері қарсылық көрсеткен. Атыстан кейін қарулы ер адам балалар отырған сыныптың ішімен өтіп барып, басты спортзалға кірген. Сол жерде полицейлер оны атып өлтірген. Ер адамға алғашқы медициналық көмек көрсетілгенімен, ол алған жарақатынан ауруханада қаза тапты.
Айта кетейік, осыдан үш апта бұрын Дунканвилден 350 шақырым жерде орналасқан Ювалд қаласындағы бастауыш мектепке қаруланған ер адам баса көктеп кіріп, 19 бала мен екі мұғалімді өлтірген болатын.