17 қаз, 2024 сағат 10:31

«Тек сұлу болу жеткіліксіз»: «Астана аруы-2024» сұлулық байқауының финалистері анықталды

Фото: "Астана Аруы" ұйымдастырушыларынан

Елордада «Астана аруы-2024» сұлулық байқауы іріктеуінің барлық кезеңінен өткен, қаланың ең сұлу қызы атағына таласуға дайын 14 финалист таныстырылды. Жеңімпаз осы қараша айында өтетін «Қазақстан аруы» финалында Астананың атынан бақ сынайды, деп хабарлайды Ult.kz.

Осы жылы «Қазақстан аруы» байқауының жаңа маусымы The art of being a woman («Әйел болу – өнер») деген тақырыппен өтеді, сондықтан «Астана аруы» сайысы да биыл күтпеген жаңа деңгейге көтерілді. Байқау қатысушылардың сыртқы сұлулығын саралаумен шектелмейді, ол терең аспектілерге бағытталған. Атап айтқанда, қыз-келіншектердің қоғамдағы және әртүрлі салалардағы рөлі, олардың өзін-өзі танытуы және тұлғалық дамуға деген ұмтылысы да бағаланады.

«Қазақстан аруы» PR директоры Гүлім Советқан байқауға қазіргі заман талабына сай өзгерістерді енгізіп жатқандарын айтады. 

"Бірінші кезекте қыздардың тұлғалық дамуын бағалаймыз. Олардың жан-жақты дамуына қараймыз. Қатысушылардың бәрі кәсіби маман ретінде өздерін дамытқан жандар. Спортта, өнерде, білім саласында елеулі жетістіктері бар. Және осы қыздардың талантын одан әрі дамытуға сеп болатын орта құрудамыз. Қыздардың тек сұлу болуы жеткіліксіз. Олар бастысы білімді болуы шарт. Біз құндылықтың бәрін бойына сіңірген жандарды таңдап алдық", -дейді ол.


Фото: "Астана Аруы" ұйымдастырушыларынан

Байқаудың жаңа концепциясы әйелдер арасындағы ынтымақтастық пен қамқорлықты насихаттап, «күш бірлікте» екенін негізге алған. Тәж бен елораданың ең сұлу қызы атағы үшін бақ сынайтын қатысушылардың әрқайсысы жеңіс тұғырында ғана жарқырап қоймай, қоғамды жақсы жағынан өзгертуді, басқаларға шабыт сыйлауды, маңызды әлеуметтік бастамаларды дамытуға үлес қосуды мақсат етеді.

Тележүргізуші, журналист Гүлмира Дайрабаева осындай байқаулардың болғаны жақсы деген ойда.

"Бейбіт өмір әдеміліктің, мейірімділіктің көрінісі. Сондықтан осындай байқаулардың болғаны жақсы. Мысалы, мен өзім 1990 жылдары байқауға қатысқанда 5 тіл білетін едім. Ол кезде ол мүмкін емес дүние болып көрінетін. Ал қазір көп жастарымыз осы байқауға қатысқан қыздар 5 тілде емін-еркін сөйлейді. Яғни үйреншікті дүниеге айналды. Елімізді өркендету үшін әрине біз білімді болуымыз қажет. Мұндай байқаулар арқылы қыздарымыз әдемі әрі білімді болуға ұмтылады", - дейді Гүлмира Дайрабаева.


Фото: "Астана Аруы" ұйымдастырушыларынан

Еске салайық, 18 қазанда Мьюзик Холлда «Астана аруы – 2024» сұлулық байқауының финалы өтеді. Жеңімпаз сол кезде анықталады. Биыл финалда көрермендерді қатысушылардың ерекше қойылымдарымен қатар, байқаудың басты миссиясы әрбір нәзік жанды қоғамның дамуына үлес қосуға және басқаларға үлгі болуға қабілетті екенін көрсетумен таңғалдырады.

Дайындаған: Қаламқас Нысанбай