Қазақ руханияты, театр және кино әлемі орны толмас қайғыға душар болды. Мұхтар Әуезов атындағы қазақ ұлттық академиялық драма театрының актрисасы, Қазақстанның Еңбек сіңірген әртісі, «Парасат» және «Құрмет» ордендерінің иегері Ғазиза Мәкешқызы Әбдінабиева өмірден өтті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Қаралы хабарды Ғабит Мүсірепов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының директоры Азамат Сатыбалды Instagram-дағы парақшасында жеткізді.
«Соңғы рет телефон соғып жылы сөздерін айтып, біраз сырласып едік. Әрдәйым ақылын айтып жүретін асыл апамыз еді. Қайтеміз енді. Өмір жалған деген осы. Қайғыра көңіл айтамын», - деді ол.
Қаза туралы әлеуметтік желідегі парақшасында режиссер Асхат Маемиров те жазба қалдырды.
"Ұлт руханиятының аспаны қара жамылды. Қазақ театры мен кино өнерінің мақтанышына айналған Ғазиза Әбдінәбиева дүниеден өтті. Аты жаман тажал ауру ешкімді аямады. Жарты ғасыр бойы қазақ театрының төрінде шынайылығымен, табиғи талантымен көрерменін тамсандырған Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, "Парасат", "Құрмет" ордендерінің иегері Ғазиза Әбдінәбиева – жаны мен жүрегі мейірімге толы, адалдықты ту еткен болмысы бөлек жан еді.... Сахна кеңістігінде Маржандай асыл аналардың, Ару қыздардың бейнесін сомдаған аса талантты актриса, аяулы жан дүниеден өтті. Көкіректі кернейтін өкініш... Ғазиза Апа, асыл апам-ай..", - деп жазды ол.
Ғазиза Әбдінәбиева 1948 жылы Қызылорда облысы Сырдария ауданында туған. Қазақ ұлттық консерваториясының (бұрынғы Алматы консерваториясы) «актерлік шеберлік» факультетін бітірген.
1969 жылы Ғ.Мүсіріепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрына қабылданады. 1969-1993 жылдары осы театрда аянбай еңбек етті. 1993 жылы М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрына актерлік бөліміне ауысады.
Консерваторияның 4-курсында оқып жүріп, 1969 жылы Ғ.Мүсіріепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрына қабылданады.
1994 жылдан бастап Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында «актерлік шеберлік» мамандығынан дәріс оқиды.
Оның кино саласында сомдаған рөлдері:
1977 - «Нан» – Жамал (реж. А. Тәжібаев)
1982 - «Қауын» – бас кейіпкердің зайыбы (реж. В. Пұсырманов),
1990 - «Қыз жылаған» – Әсия (реж. С. Нарымбетов),
«Жел адам» – ауыл тұрғыны,
2009 - Сіз кімсіз, К мырза?» – жолсерік (реж. Қ. Ахметов),
2009 - «Біржан сал» – Бүрме әже (реж. Д. Жолжақсынов),
2011 - «Айналайын» – Сәлима (реж. А. Сатаев);
1996-2000 - Тоғысқан тағдырлар (Роза)
2001-2003 - Саранша (Марго)
2002 - Ләйләнің зары
2007 - Однажды в багажнике - Женщина на вокзале
2008 - Откройте дверь, я счастье
2012-2013 - «25 км» Қарлығаш (реж. И.Пискунов)
2012-2013 - «Домашние войны» Әже (реж. А.Кирюшенко)
2014 - Кемпір» Күлпәш (реж. Е.Тұрсынов)
2015 - Зауал» Әже (реж. Ж.Айбасов)
2015 - «Побег из аула» Тетя героя (реж. Н.Адамбаев)
Осы орайда, Ұлт порталының ұжымы қазақ жұртына қадірлі болған театр және кино актрисасының мезгілсіз дүниеден озуына байланысты, оның отбасы мен туған-туыстарына қайғырып көңіл айтады.
Марқұмның жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын. Пейіште нұры шалқып, Жаратқан артындағы ұрпағына ұзақ ғұмыр берсін!