20 жел, 2019 сағат 13:37

Тайжан Президент айтқан ғарыштан мониторингілеу туралы: Тезірек бұйрық шығару керек

Ғарыштан мониторингілеу туралы бұйрықты жаңа жылға дейін шығаруға атсалысу керек.

Мұндай ұсынысты бүгін Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің екінші отырысында аталған кеңес мүшесі Мұхтар Тайжан көтерді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Бүгінгі күнге дейін шешімін таба алмай келе жатқан екі мәселеге тоқталғым келеді. Біріншіден, бәрімізге мәлім жерге мораторийдің аяқталатынына екі жыл қалды. Одан бұрын біз алдын ала шешім қабылдауымыз керек. Соны ескере отырып, жер қатынастарының ашықтығы ауадай қажет. Ол үшін бізге ғарыштан мониторингілеу туралы бұйрық керек болған. Мұны 3 ай бұрын осында айтқан едім. Өкінішке қарай, осы 3 айдың ішінде бұл бұйрық әлі жарыққа шыққан жоқ. Бізде кейбір заңдар өте күрделі, мысалы бюджет немесе салық туралы заңдар екі айдың ішінде Мәжіліске кіріп, талқыланып, қабылданады. Ал кішігірім бұйрық бүгінгі күнге дейін Жер комитетінен шыққан жоқ. Меніңше, Жаңа жылға дейін сол бұйрықтың шығуына атсалысуымыз керек», - Мұхтар Тайжан.

Оның атап өтуінше, шешімін таппаған екінші мәселе бар, бұл жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң. Бұл ретте сарапшы шетелдік елдердің тәжірибесін алға тарта отырып, бұндай заңның қажеттігін де атап өтті.