Фото: arasha.kz
Бүгін тәуелсіз журналист, медиаменеджер Әсет Матаев 19 наурызда өтетін ҚР Парламент Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауына түсу үшін кандидатурасы тіркелгені туралы куәлік алды.
«Достар, мәреге жетіп қалдық! Бір аптадан соң сайлауалды жұмыстың жария кезеңі басталады және мен нақты жоспарларымды айтып бере аламын. Сіздердің қолдауларыңызды сезініп жатырмын, жазған әр жылы сөздеріңіз үшін рахмет», - деп жазды ол өзінің Telegram-арнасында.⠀
Әсет Матаев №5 округте тіркелген. Оған Бостандық, Медеу және Наурызбай аудандары жатады.
Қазақстан бойынша 29 бірмандатты округтен барлығы 609 кандидат сайлауға түседі.⠀
Еске сала кетейік, Әсет Матаев сайлауға түскісі келетінін 1 ақпанда мәлімдеген еді. ҚазТАГ ақпараттық агенттігінің басшысы мен оның әкесі - Журналистер одағының басшысы Сейітқазы Матаев саяси себептерге байланысты заңсыз сотталған.
2022 жылғы шілдеде төртінші талпыныстан соң Жоғары Сот Әсет пен Сейітқазы Матаевты толығымен ақтады.