Таразда күйеу баласы қайын енесінің үйін тонады, деп хабарлайды ҚазАқпарат Жамбыл облыстық полиция департаментіне сілтеме жасап.
Тараз қаласының полиция бөліміне 66 жастағы әйел хабарласып, үйі тоналғанын жеткізген.
Шамамен сағат 00:20-да белгісіз ер адам үйіне баса-көктеп кіріп, қорқытып, 2450 АҚШ долларын, 100 000 теңгесін, 2 алтын сақинасы мен ұялы телефонын ашық түрде алып кеткен.
Жәбірленуші әйелдің айтуынша, ол қажылыққа бару үшін ақша жинаған.
Аталған дерекке қатысты Қылмыстық кодекстің 191-бабы 3-бөлігі 3-тармағы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.
Жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде полиция қызметкерлері екі күдіктіні анықтап, ұстады.
Олар - Тараз қаласының 47 және 51 жастағы тұрғындары.
Сондай-ақ, күдіктілердің бірі жәбірленушінің күйеу баласы болып шықты.
Ұсталғандар өз кінәсін толық мойындады. Тергеу амалдары жүріп жатыр.