Сурет: kaz.tengrinews.kz
Тараз қаласында №11 мектеп оқушысы құрдасының қолын сындырды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан ақпарат агенттігі.
14 жастағы Әнуар Бекетбаевтың анасының айтуынша, жасөспірімдер арасындағы жанжал амандасудан шыққан.
"Ол менің балама "неге амандаспайсың" деген. Балам оң қолын берген. Екі қолдап неге амандаспайсың, қолың алтын ба деген, менің балам "иә, алтын" деген. Сол сәтте ол баламның жағасынан сүйреп, көшенің бұрылысына апарған да шалқасынан құлатқан. Сол қолына секіріп келіп, бар күшімен шынтақпен құлаған. Баламның жан даусы шыққан. Сол сынған қолын жұдырықпен ұра берген. Онымен қоймай, мойнынан қылқындырып, бетінен жұдырықпен 5-6 рет ұрған. Оның бәрін менің кіші ұлым мен жаңағы оқушының досы, сосын көрші бала көріп тұрған", - дейді жәбірленушінің анасы Динара Бекетбаева Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұхбатында.
© Photo : Зардап шеккен баланың анасы ұсынды
Дәрігерлер Әнуар Бекетбаевқа ауыр жұмыс істеуге, спортпен шұғылдануға өмір бойына тыйым салған. Өйткені баланың үгітілген сүйегін арнайы медициналық құралдармен жинаған.
Ал жергілікті полиция басқармасының уәжі мынадай:
"14 ақпанда Тараз қаласының полиция басқармасы 2-полиция бөліміне 38 жастағы жергілікті тұрғын хабарласты. Азамат арызында 27 қаңтар сағат 19:00 шамасында 13 жасар баланың 14 жастағы ұлына дене жарақатын салғанын жазған. Бұл бойынша Қылмыстық кодекстің "Денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтіру" бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Барлық қажетті тергеу әрекеті жүргізілді, алайда Қылмыстық кодекстің 15-бабына сәйкес 16 жасқа толмаған адам қылмыстық жауапкершілікке тартуға жатпайды", - деп жауап берді Жамбыл облыстық ПД баспасөз қызметі.
© Photo : Зардап шеккен баланың анасы ұсынды
Олардың айтуынша, соққыға жыққан баланың ата-анасына қатысты әкімшілік хаттама толтырылып, 103 500 теңге (30 АЕК) мөлшерінде айыппұл салынды. Ал оқушы Тараз қаласы полиция басқармасының 2-ші полиция бөлімінде профилактикалық есепке алынды.
© Photo : Зардап шеккен баланың анасы ұсынды