02 там, 2022 сағат 14:47

Тараз колониясында зардап шеккен қызметкерлердің жағдайы белгілі болды


Жамбыл облысының Денсаулық сақтау басқармасы өкілі Таразда зардап шеккен колония қызметкерлерінің жағдайы туралы айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz.

Ведомство мәліметінше, 1 тамызда сағат 08.39-да жедел жәрдем станциясына ҚАЖ департаментінің ТЖ-158/7 мекемесінен қоңырау түскен. Оқиға орнына екі жедел жәрдем бригадасы барған. Мекеменің медицина қызметкерлері зардап шеккендерге алғашқы көмек көрсеткен. Кейін олар облыстық ауруханаларға жеткізілген.

"Қазір зардап шеккендер жансақтау бөлімінде жатыр. Олар шұғыл түрде Тараз жедел медициналық жәрдем ауруханасына жеткізілді. Дәрігерлер оларға бірден ота жасады", - деді Жамбыл облысы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы өкілі зардап шеккен екі адамның жағдайы орташа, біреуі тұрақты екенін атап өтті.

Еске салайық, бұған дейін Жамбыл облысындағы ЖД-158/7 түзеу мекемесінде сотталушы түрменің үш қызметкеріне шабуыл жасап, оларды жаралағаны хабарланған болатын.