ҚР ҚМ Қаржы мониторингі комитетінің Жамбыл облыстық экономикалық тергеу департаменті жалған шот-фактура жазу фактісінің жолын кесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Аталған комитет мәліметінше, жедел іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында Тараз қаласы
тұрғынының екінші деңгейлі банктердің бірінен қаражатты жүйелі түрде қолма-қол ақшаға айналдырып отырғаны анықталды. Тергеу барысында Тараз қаласының тұрғыны 2019-2020 жылдары аралығында ол өзінің атына бірнеше ЖШС тіркеп, жалған бухгалтерлік құжаттарды жазып берумен айналысқан. Бұл кәсіпорындарда кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру үшін автокөлік, үй - жай, өндірістік техникалық база және қызметкерлер штаты болмаған.
«Жалған фирманың басшысы қаржы шаруашылық, бухгалтерлік есептерін және салық есептерін жасырғаны анықталды. Іс жүзінде фирмалар қылмыстық әрекеттерді жүзеге асыру, контрагенттерге салықтан жалтару үшін жалған есеп шоттарды жазып берумен айналысқан. Салдарынан мемлекетке төленбеген салық түрінде 107 млн теңгеден астам сома шығын келтірілгені анықталды», - деп атап өтеді ведомстводан.
Жамбыл облысы Байзақ аудандық сотының үкімімен айыпталушы ҚР ҚК 241-бабына сәйкес кінәлі деп танылды. Азаматша 40 АЕК көлемінде айыппұл төлейді, сондай-ақ оған 3 жыл мерзімге коммерциялық ұйымдарға басшылық жасауға тыйым салынды.