15 жел, 2021 сағат 16:39

Тараз қаласы әкімінің бұрынғы орынбасары Грузияда ұсталды


Тараз қаласы әкімінің бұрынғы орынбасары Қайсар Сарытай Грузияда ұсталды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің сайтына сілтеме жасап.

"Жамбыл облысы бойынша аумақтық департамент ҚР ҚК-нің 189-бабының 4-бөлігі 2-тармағының, 362-бабының 4-бөлігінің 3-тармағында көзделген сыбайлас жемқорлық қылмысын жасау күдігімен Тараз қаласы әкімінің бұрынғы орынбасары Қ.А. Сарытайға халықаралық іздеу жариялады.

Халықаралық ынтымақтастық аясындағы жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде Грузияның құқық қорғау органдары Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметпен және Қазақстан Республикасы ІІМ Интерпол ҰОБ – мен бірлесіп Қ.А. Сарытай Грузия аумағында ұсталып, қамауға алынды", - делінген хабарламада.

Антикордың айтуынша, қазір ұсталған адамды Қазақстан Республикасына экстрадициялау рәсімі жүріп жатыр.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі қылмыстық қудалау органынан жасырынған адамдарды іздестіруге ерекше назар аударады.

Олардың көпшілігі қазақстандық сот төрелігі үшін қол жетімсіз болу шараларын қабылдайды және елден тыс жерлерде жасырынып жүр.