03 сәу, 2022 сағат 19:55

"Тапсырма бердім": Үкімет басшысы парақшасына сауал жолдағандарға жауап берді



Премьер-министр Әлихан Смайылов әлеуметтік желідегі парақшасына сауал жолдаған әрбір адамның мәселесін мұқият зерделеп шығуға уәде етті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан

Бір күннің ішінде оған 15 мыңнан астам адам жазылды. Халық Премьер-министрді бірден сұрақтың астына алды. 

Аймақтардан пікір жазғандар жол мен су мәселесін көтерсе, ақтөбеліктер су тасқынын тезірек шешуді сұрап отыр. 

Астанадан үлескерлер шағымданды. Кейбір адамдар үкіметтен мемлекеттік тілде сөйлеуді талап етіпті. Ұлттық идеология туралы сөз қозғағандар да бар. 

Ал журналистер Премьер-министрді еркін әңгімеге шақырды. Желі қолданушылары арасында Үкімет басшысына ұсыныс жасағандар да болды. 

Бүгін ол белсенділік танытқан барлық адамға алғыс білдіріп, өз кеңсесіне тиісті тапсырма бергенін жеткізді. 

"ҚР Премьер-министрі кеңсесіне қойылған әрбір сұрақ пен көтерілген әрбір проблеманы мұқият зерделеуге тапсырма бердім. Өкінішке қарай, жұмыс бабына байланысты сіздердің барлық сұрағыңызға жеке жауап бере алмауым мүмкін. Десе де, ешбір өзекті сұрақ жауапсыз қалмайтынын және оларға құзырлы органдар міндетті түрде жауап беретінін жеткізгім келеді", - деп жазды Смайылов.

Айта кетейік, күні кеше Үкімет басшысы әлеуметтік желіде жеке парақшасын ашқан еді.