07 жел, 2021 сағат 17:54

Тапаншамен, пышақпен шабуылдаған: Алматы облысында қылмыстық топ ұсталды


Алматы облысында қылмыстық топ тапаншамен және пышақпен тұрғындарға шабуыл жасап, тонап келген. Күдіктілер Алматы қаласында ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«6-9 қараша аралығында Қарасай аудандық полициясының кезекші бөліміне жергілікті тұрғындар қарулы шабуылға тап болғаны туралы шағым түсірді. Тіркелген 3 эпизодта да тапанша мен пышақ ұстаған, бетіне медициналық маска киіп, басын капюшонмен бүркемелеген 3 жігіт көзге түскен. 

Күдіктілер түнде жалғыз жүрген адамдарды қарумен қорқыту арқылы құны 330 мыңнан 840 мың теңгеге дейін жететін ұялы телефондарды тартып алып отырған. Іс біткен соң күдіктілер күміс түсті Hyundai Elantra көлігіне отырып, із жасырған. 

Аталған факті ҚР Қылмыстық кодексінің «Топтық қарулы қарақшылық» бабы бойынша тіркелді», - деп жазылған Polisia.kz мәліметінде.

Жедел-іздестіру жұмыстарын жүргізген сақшылар күдіктілерді Алматы қаласынан ұстаған.

«Бұған дейін олардың тонау, қарақшылық, денсаулыққа ауыр зиян келтіру және ұрлық сияқты қылмыс жасағаны үшін сотталғаны анықталды. Күдіктілерден пышақ, тапанша және ұрланған үш телефонның екеуі тәркіленді. Ал олардың астындағы көлік жалға алынған болып шықты. Тергеу соты 3 айыпталушының да бұрын сотталғанын ескеріп, сотқа дейінгі тергеу кезінде қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын тағайындады», - деп жазылған сайтта.