Қазақстандық танымал актер Фархат Әбдірайымов 55 жасында қайтыс болды. Қаралы хабарды «Қазақфильм» киностудиясы растады.
«Өкінішке орай рас ақпарат. Ол Грузияда түсірілімде болған еді. Өлім себебі – инфаркт», - деп хабарлады «Қазақфильм».
Ал, Қазақстан мәдениет министрлігінің баспасөз қызметі әртістің Грузияда "Больше, чем любовь" фильмінің түсірілімі кезінде қайтыс болғанын айтты.
Актерді ақтық сапарға шығаратын күн мен орын қосымша хабарланбақ.
Фархат Әбдірайымов 1966 жылы 21 қаңтарда Алматы қаласында туған. Алматы технологиялық университетін бітірген.
Оның кинодағы дебюті 1996 жылы Қазақстан мен Ресей бірлесіп түсірген "Кімнің жаны нәзік болса" фильміндегі рөлі болды. Осы рөлі үшін ол "1996 жылдың үздік актері" ретінде Ресейдің кино басылымының сыйлығын алды.
1999 жылы Әбдірайымов "Фара" фильмінде басты рөлді сомдап, Халықаралық Мәскеу кинофестивалінде үздік ер адам рөлі жүлдесіне ие болды.
1999 жылдан Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ-ның актері.
2000 жылы "Алтын адам" байқауында әртіс "Жыл киножұлдызы" атанды. XXI Халықаралық «Святой Георгий Победоносец» кинофестивалінің Гран-при жүлдесін жеңіп алған.
2003 жылы Қазақстан президентінің құрмет грамотасымен марапатталған ол Қазақстан кинематографистер одағының мүшесі болды.
«Шанхай», «Ақсуат», «Омпа», «Махаббат тәлкегі», «Сиқыршы демеуші», «Жел адам», «Француз құрбақасынан әзірленген борщ», «Шекара», «Жан жүрегім - Астана», «Параллель әлем», «Гейзер», «Үш лимон», «Батыр», «Ең сұлу» сынды фильмдерге түскен.