Алматы облысы Талғар ауданында тұрғындар жолды жауып тастады. Бұған 10 жастағы баланы көлік қағып кетуі себеп болған, - деп хабарлайды Tengrinews.kz агенттігі.
Алматы облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, оқиға 19 қыркүйекте 18:45 шамасында болған.
"Тoyota Camry автокөлігінің 24 жастағы жүргізушісі Жаңалық ауылында Жетіген-Алматы автожолының бойында жаяу жүргіншілер өткелінде 10 жастағы баланы қағып кеткен. Алған жарақаттарының салдарынан бала оқиға орнында мерт болды", – делінген хабарламада.
Қазір полиция аталған дерек бойынша тергеу жүргізіп жатыр.
Жаңалық ауылының тұрғындары кісі өліміне алып келген жол апатының бұған дейін де болғанын айтады. 17 тамызда Тереңқара ауылында көлік 3 баланың анасын қағып кеткен. Бұл кезде де тұрғындар жолды жауып, қауіпсіздікті күшейтуді сұраған.
Ал ауыл әкімі тас жол республикалық маңызға ие болғандықтан, аудан өз бетінше жарықтандыру жүйесін және жол белгілерін орната алмайтынын мәлімдеген.