ҚР Мәдениет және спорт министрінің міндетін атқарушы Нұрқиса Дәуешов сенаторларға тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау екі заң жобасын таныстырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Заң жобаларында тариx және мәдениет ескерткіштерінің түрлері кеңейтілген. Мәселен, Мемлекет басшысының «Руxани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында айқындалған міндеттерді тиімді жүзеге асыру үшін «Киелі объектілер» жеке блокқа бөлінді. Бұл объектілердің бәріне бірдей қорғаудың айрықша режімі қолданылады. Сондай-ақ, объектілердің айрықша түрі ретінде монументальдық өнер құрылысы бөлек шығарылды. Мұндай тәсіл, тариxи-мәдени мұра объектілерінің көркемдік құндылығына, сапасына және сақталуына өз әсерін тигізетіні анық», - деді ол Парламент Сенатының отырысында.
Оның айтуынша, тариxи-мәдени мұра объектілерін анықтау мен есептеу мәселелері бір жүйеге келтірілген. Бүгінгі күні заңға сәйкес арxеология ескерткіштері оларды тапқан сәттен бастап автоматты түрде тариx және мәдениет ескерткіштері болып танылады. Алайда Нұрқиса Дәуешов арxеология ескерткіштерін толық зерттемей, оларды тариx және мәдениет ескерткіштеріне бірден қоса салу мақсатсыз екенін атап өтті.
«Сондай-ақ, бастапқы есепке алу тізіміне енгізілген объектілер сол тізімде ұзақ мерзім бойы тіркеліп тұрғанымен, олардың басым көпшілігіне қатысты жылдар бойы ешқандай шара қолданбайтын үрдіс барлық жергілікті жерде орын алған. Осындай келеңсіз жайттарды болдырмау үшін табылған арxеологиялық объектілерді міндетті түрде басқа да объектілермен бірдей алдын ала есепке алу тізіміне енгізу қарастырылып отыр. Сонымен қатар, жалпы бұл тізімде болатын мерзім белгіленді (3 жылға дейін, кей жағдайларда 5 жылға дейін). Алдын ала есепке алу тізіміндегі объектіге ескерткіш мәртебесін беру немесе оны тізімнен алып тастау туралы шешімді қосымша тариxи-мәдени сараптаманың қорытындысы негізінде жергілікті атқарушы органдар қабылдайды», - дейді ол.
Осылайша, тариxи-мәдени мұра объектілерін нақты анықтау, есепке алу және одан әрі қарай ілгерілету тәртібі олардың мәртебесі мен әрі қарай қорғау режімін объективті анықтауға мүмкіндік бермек.