Ермұхамбет Қоныспаев Сыртқы істер министрінің орынбасары болып тағайындалды, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ақорда сайтына сілтеме жасап.
"Мемлекет басшысының өкімімен Ермұхамбет Болатпекұлы Қоныспаев Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары лауазымына тағайындалды", - делінген жарлықта.
Ермұхамбет Қоныспаев Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Халықаралық қатынастар факультетін бітірген. Сондай-ақ, Ахен қаласындағы Рейн-Вестфаль техникалық университетінің магистратурасын Еуропалық зерттеулер мамандығы бойынша бітірді. Қазақстан Республикасы Президентінің "Болашақ" халықаралық білім беру стипендиясының түлегі.
Дипломатиялық қызметін ҚР Сыртқы істер министрлігінің жүйесінде 2001 жылы Екіжақты ынтымақтастық департаментінің атташесінен бастаған. 2002 жылы Қазақстанның Германиядағы елшілігіне атташе болып жолданды.
2003-2007 жылдары Қазақстанның Аустриядағы Елшілігінде атташе, үшінші және екінші хатшы қызметін атқарған.
2008 жылы ҚР Парламенті Мәжілісінің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетіне аға кеңесші ретінде жұмысқа ауысты.
2008-2014 жылдары Қазақстанның Германиядағы Елшілігінің бірінші хатшысы және кеңесшісі болып жұмыс істеген. 2014 жылғы қарашада Сыртқы істер министрлігінің Сыртқы экономикалық саясат департаменті директорының орынбасары болып тағайындалды.
2017 жылдың тамыз айынан қазан айына дейін СІМ Еуразиялық интеграция департаменті директорының міндетін уақытша атқарушы болған.
Қазақстанның Майндағы Франкфурт қаласындағы Бас консул лауазымына тағайындалғанға дейін СІМ Еуразиялық интеграция департаментінің директоры қызметін атқарды. II дәрежелі кеңесші дипломаттық дәрежесі бар. Неміс және ағылшын тілдерін біледі. Үйленген, үш баласы бар.
746 рет оқылды