«Сыбаға» бағдарламасына бөлінген 230 миллионнан астам теңгені талан-таражға салған шаруа қожалықтары анықталды. Бұл туралы ҚР ҚМ Қаржы мониторингі комитетінің төрағасы Жанат Элиманов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Павлодар облысында «Сыбаға« мемлекеттік бағдарламасы аясында ірі қара мал сатып алуға субсидия түрінде бөлінген 233 млн теңгені шаруа қожалықтарының талан-таражға салу фактісі анықталды. Тергеу барысында күдіктілер 96 миллион теңгеден астам қаражатты қайтарды», - деді ол Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихаты барысында.
Жанат Элимановтың атап өтуінше, мұндай жедел алдын алу шарасы өз тиімділігін көрсетіп отыр. Сондықтан алдағы уақытта мұнай мен мұнай өнімдері, шетелге капиталды заңсыз жылыстату салаларында көлегейлі айналымға қарсы тұруға бағытталған алдын алу шаралары қолға алынатын болады.
Мұнан бөлек, комитет төрағасы «Маңғыстаумұнайгаз» қызметкерлеріне қатысты қозғалған қылмыстық іске де тоқталып өтті.
«Маңғыстаумұнайгаз» АҚ Құқықтық қамтамасыз ету департаментінің басшысы Бейсенбинге, оның орынбасары Дәуленбаеваға, сонымен қатар азамат Лисовойға қатысты іс тергеліп жатыр. Олар жалған келісімшарттар жасау арқылы 450- млн теңгеден астам қаржыны ұрлау күдігіне іліккен», - деді Жанат Элиманов.