09 қар, 2021 сағат 20:47

Сұйытылған газды сату жыл соңына дейін электронды сауда алаңына толық көшіріледі - министрлік


ҚР Энергетика бірінші вице-министрі Мұрат Жөребеков сұйытылған мұнай газына қатысты электронды сауда алаңдары туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«2018 жылы баға белгілеуді ырықтандыру туралы шешім қабылданды, осыған байланысты «Газ және газбен жабдықтау туралы» ҚР Заңына сәйкес 2019 жылдың басынан бастап сауда электронды сауда алаңдары арқылы жүргізіле басталды. Осылайша, бөлу тәртібін және шекті бағаларды белгілеуді мемлекеттік реттеуден сұйытылған мұнай газының ішкі нарығын толтырудың және өңдеуші кәсіпорындар мен тұтынушылардың мүдделерінің балансын құрудың нарықтық әдістеріне кезең-кезеңмен көшу жүзеге асырылуда», - деді М. Жөребеков. 

Оның айтуынша, бүгінгі таңда сұйытылған мұнай газының ішкі нарыққа электронды сауда алаңы арқылы сатылатын үлесі ішкі нарықта тұтынудың 70% құрайды.

«Біз 2019 жылы 5 пайыздан бастадық, қазір 70 пайызға жетті. Сұйытылған мұнай газы осы электронды сауда бойынша сұраныс пен ұсынысты ескере отырып, бәсекеге қабілетті бағамен сатылады. Заңнама талаптарына сәйкес, топтық резервуарлы қондырғылар мен мұнай-химия кәсіпорындары арқылы тұрғындардың қажеттіліктері үшін сұйытылған газды сатуды қоспағанда, ағымдағы жылдың соңына дейін электронды сауда алаңына толық көшу күтілуде», - деді вице-министр. 

Оның сөзіне қарағанда, биылғы қараша айындағы орташа көтерме баға тоннасына 151 мың теңге деңгейінде қалыптасты.

«Қалған 30 пайызы ішкі нарыққа ҚҚС-пен 43 345 теңге/тонна реттелетін бағамен таратылады. Республика бойынша орташа бөлшек сауда бағасы 99 теңге/литр және аймаққа байланысты 70-120 теңге/литр аралығында ауытқиды. Өз кезегінде, ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі өз құзыреті шегінде баға белгілеудің негізділігін бақылауды жүзеге асыратынын хабарлаймыз. Министрлік өз құзыреті шегінде проблемалық мәселелерге мониторинг жүргізеді және өңірлерді сұйытылған газбен тұрақты қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылдайды», - деді М. Жөребеков.