Фото:baq.kz
«2024 – 2026 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы қаралды. Онда ел бюджетін толықтыру үшін жыл сайын Ұлттық қордан қаражат алу мәселесі айтылды, деп хабарлайды ult.kz.
Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошановтың сөзінше бюджетті қалыптастыру кезінде, әсіресе кіріс бөлігі бойынша үнемі дұрыс болжам жасалмайды.Әлеуметтік-экономикалық даму жоспары экономиканың нақты мүмкіндіктерімен қабыса бермейді.Нәтижесінде, біз елдегі нақты экономикалық жағдайдан алшақ болатын бюджет шығыстарын нақтылаймыз.
"Мемлекеттік органдар жыл сайын бюджетті қарау кезінде бізді мемлекеттік қазынаның теңгерімді екеніне сендіреді. Ал жыл соңында кіріс жеткіліксіз болып, Ұлттық қордың қаражатына жүгінеміз. Бұл жолы да Үкімет елдің қаржылық тұрақтылығы үшін нысаналы трансферт қажет екенін айтып отыр. Яғни, еліміздің бюджеті Ұлттық қордың қаражатынсыз шешімін таппай келеді.
Бұл жете ойластырылмаған, кәсіби емес тәсіл деп айтуға болады. Үкімет ішкі жалпы өнімнің өсуі, оң экономикалық қарқын туралы «әдемі» цифрлармен безендірілген баяндама жасайды. Ал іс жүзінде біз оны көріп отырған жоқпыз. Шағын және орта бизнес экономиканың қозғаушы күші болуы керек. Бірақ кәсіпкерліктің даму қарқыны және белсенділігі мардымсыз. Біз инфрақұрылымдық жобаларға, өңірлерді дамытуға қомақты қаржы құйып жатырмыз. Бірақ кіріс түрінде көзге көрінетін нәтижеге қол жеткізе алмай отырғанымыз анық. Мұның бәрі, ұзақ мерзімді жоспарларды айтпағанда, тіпті бір жылдық перспективаның экономикалық тұрғыдан дұрыс жоспарланбайтынын көрсетеді", -дейді Ерлан Қошанов.
Депутат Елнұр Бейсенбаевтың айтуынша бюджет тапшылығын жабу үшін Ұлттық қордан қаражат алу 2024 жылы ең шекті деңгейге жетті. Биыл бюджеттің кіріс бөлігі небәрі 13,1 трлн теңгені құрады. Яғни бюджетке 3 триллион теңге көлемінде жоспарланған салықтық түсімдер түспеді.
"Дұрыс жоспарламау салдарынан үш триллион теңгенің жетпеуі – салық және бюджеттік саясаттың күйрегені деген сөз емес пе?! Демек, Үкімет бюджетке нақты салықтық түсіммен қамтамасыз етілмеген кірісті салып отыр. Мұны біз Үкіметтің экономикалық блогының жеткілікті деңгейде жауапкершілік пен кәсібилік таныта алмауы деп есептейміз" -, дейді ол.
Үкімет бюджет тапшылығын жабу үшін Ұлттық қордан 5,6 трлн теңге, бұған қоса, «Қазатомпром» арқылы тағы 1 триллион теңгені бюджет есебіне алды. Мұның барлығы – Ұлттық қордың қаражаты. Сонымен, биыл Ұлттық қордан 6,6 триллион, ал келесі жылы тағы 5,3 трлн теңге алынады. Бұл – шамамен 24 миллиард АҚШ долларына пара-пар. Ол – жалпы Ұлттық қор көлемінің үштен біріне тең сома. Мұның соңы қордағы активтердің азаюына ұшырататынын айтып отыр депутат.