05 жел, 2025 сағат 11:04

Шымкентте әйелді қасақана өлтірген 16 жастағы жасөспірімге үкім шықты

Фото: Ашық дереккөзден
Шымкент қаласында 26 жастағы Диана Оңғарбаеваны қасақана өлтірген 16 жастағы жасөспірімге қатысты сот үкімі шықты. 11-сынып оқушысына 7 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды, деп хабарлайды Ult.kz.

Оқиға биыл шілде айында болды. Тергеу мәліметіне сүйенсек, жасөспірім қалаға келген күні Telegram желісіндегі «Шымкент жұмыс» чатына «Үй жинайтын қыз қажет» деген хабарлама қалдырған. Диана Оңғарбаева күнкөріс үшін пәтерді тазалау міндетін қабылдап, көрсетілген мекенжайға барған.

Тазалық жұмыстарын бітіргеннен кейін, ол 15 мың теңге еңбекақысын сұрағанда, жасөспірім «Анам береді» деп жалған уәде жасап, төлемеген. Сол сәтте ас үйден ағаш тұтқасы бар пышақты алып, кенеттен шабуыл жасаған.

Прокурордың хабарлауынша, жасөспірім Диананың мойнына бірнеше рет пышақ сұққан, жәбірленуші жерге құлаған соң да тоқтамай, бүйрек тұсына тағы соққы жасаған. Ауыр жарақаттардан 26 жастағы әйел оқиға орнында көз жұмды.