«STOP трафик» жедел алдын алу іс-шарасы барысында адам саудасымен байланысты 68 қылмыс анықталды. Бұл туралы ҚР ІІМ Криминальдық полиция департаменті бастығының орынбасары Қанат Нұрмағамбетов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Осы жылдың 22 қарашасы мен 1 желтоқсаны аралығында «STOP трафик» атты кезекті республикалық жедел алдын алу іс-шарасы өткізілді. Іс-шара барысында полиция органдары адам саудасына қатысты 68 қылмысты анықтады. Оның ішінде жұмысқа салу мақсатында бостандығына заңсыз шектеудің 3 фактісі, адам саудасына қатысты 2 факті, кәмелетке толмағандарды саудалаудың 2 фактісі, жезөкшелікпен айналысуға тартудың 8 фактісі бар», - деді ол ІІМ баспасөз қызметі алаңында өткен брифингіде.
Оның дерегінше, жезөкшелікпен және жеңгетайлықпен айналысуды ұйымдастырудың немесе притон ұстаудың 53 фактісі әшкере болған.
«Сонымен қатар біле тұра жезөкшелікпен және жеңгейтайлықпен айналысуға үй-жай беру фактісі бойынша 21 әкімшілік құқық бұзушылық тіркелді. Жеңіл жүрістілердің қоғамдық орында адамдарға жабысқаны үшін 600-ден астам әкімшілік хаттама толтырылды», - деді Қанат Нұрмағамбетов.