29 нау, 2022 сағат 15:36

Стамбулда Украина-Ресей келіссөзінің кезекті раунды басталды


Стамбулдағы "Долмабахче" сарайында Украина мен Ресей арасындағы келіссөздің жаңа раундты басталды. Бұл туралы Түркияның "Анадолы" агенттігі хабарлады. Екі елдің делегациясы Стамбулға кеше, 28 наурызда келген, деп хабарлайды Азаттық радиосы.

Келіссөз алдында Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған сөз сөйлеп, "Әділетті бейбітшілік - екі тарап үшін де жеңіс, қақтығысты жалғастыру екі тарапқа да пайда әкелмейді. Халықаралық қауымдастық Стамбулдағы кездесуден жақсы шешім күтеді" деді.

Ақпарат агенттіктерінің хабарлауынша, Ердоған келіссөз алдында ресейлік олигарх Роман Абрамовичпен сөйлескен. Бұған дейін кейбір дереккөздер Абрамовичтің келіссөзге қатысатынын айтқан еді.

Украина сыртқы істер министрі Дмитрий Кулебаның сөзінше, Киевтің мақсаты кемі "гуманитарлық мәселені шешу", максимум - атысты тоқтатуға келісу.

Британдық Financial Times басылымының жазуынша, егер Украина өзін бейтарап ел деп жариялайтын болса, онда Кремль Украинаға денацификация жайлы талап қоюдан бас тартуға және Украинаның Еуропа Одағы құрамына енуіне келісім беруге әзір.

Екі тарап наурыздың басында Беларусьте келіссөз өткізген, кейін бұл процесс видеобайланыс арқылы жалғасқан еді. Стамбулдағы келіссөз екі күн өтеді және журналистер қатыспайды.