2025 жылға дейін ауылдық жерлерде 259 мәдениет үйін салу жоспарға енгізілді. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Мәдениет және спорт саласында 2025 жылға дейін ауылдық жерлерде 259 мәдениет үйін салу және жөндеу жұмыстарымен 1241 мәдениет нысанын қамту жоспарланған.
Бұл өте қажетті бағыт. Сондықтан ұлтымыздың өнегелі өнерін заманауи мәдениетпен ұштастыра дамыту үшін, елдегі өнерлі жастарды қолдау үшін бұл жұмыстарға ерекше көңіл бөлеміз», - деді Е. Тоғжанов.
Сонымен қатар ол тұрғындарды спорт кешендерінің жетіспеушілігі алаңдатып отырғанын атап өтті.
«Былтыр 21 млрд теңге кәсіпқой спорттан бұқаралық спортқа қайта бағытталды. Қаражат негізінен балалар спорт секцияларын қаржыландыруға және спорт инфрақұрылымын салуға жұмсалды. Нәтижесінде, 275 мыңнан астам бала мемлекеттік тапсырыс бойынша тегін секциялармен қамтылған. 41 дене шынықтыру-сауықтыру кешені пайдалануға берілді.
Қазіргі кезде 2025 жылға дейін спорт инфрақұрылымын дамытудың кестесі әзірленуде, оған сәйкес елді мекендерде 115 спорт нысанын салу жоспарланып отыр», - деді Үкімет басшысының орынбасары.
«Коронавирус пандемиясы денсаулықтың маңызын көрсетті. Бүгінгі күні бірлескен күш-жүгеріміздің арқасында инфекцияның таралуын тежедік. Енді спортқа және дене шынықтыруға ерекше назар аударуымыз қажет. Халқымызда «ауырып ем іздегенше – ауырмайтын жол ізде» деген нақыл сөз бар. Салауатты өмір салтын дамыту бағдарламасын іске асыру арқылы денсаулық саласына жұмсалатын 300 млрд теңге қаражатты үнемдеуге болатынын айтқым келеді. Баршаңызды осы бағдарламаны бірлесе іске асыруға шақырамын», - деді Ералы Тоғжанов.
Айта кетейік, бүгін Мәжілістің жалпы отырысында өңірлерге шығу барысында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттарына келіп түскен азаматтардың өтініштерін мемлекеттік органдардың қарау нәтижелері талқыланып жатыр. Депутаттардың өңірлерге сапарлары барысында көтерілген екі мыңға жуық сұрақ Үкімет тарапынан жан-жақты сарапталып, қаралды.