2020 жылдан басынан бері еліміздің түрмелеріндегі сотталушыларға 8 келі есірткі мен 40 литр спирттік ішімдік жеткізбек болғандардың жолы кесілді. Бұл туралы бүгін ҚР Ішкі істер министрлігі Қылмыстық атқару жүйесі комитетінің төрағасы Жанат Ешмағамбетов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Әдетте колонияға тыйым салынған заттарды жеткізудің жолдары әрқилы. Олар - қоршау арқылы лақтырып кету, азық-түлік сәлемдемесі мен бандерол арқылы немесе ұзақ мерзімді кездесу ұйымдастыру барысында туыстары арқылы өткізуге тырысу. Жыл басынан мекеме аумағына тыйым салынған заттарды өткізуге тырысудың 400-ден астам оқиғасының жолын кестік. Шамамен 600 ұялы телефон, 8 келіге жуық есірткі және 40 литрден астам спирттік ішімдік тәркіленді», - деді комитет төрағасы Ішкі істер министрлігі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.
Оның атап өтуінше, ҚР Ұлттық гвардиясымен бірге тексеру тобы күшейтілді. Ұлттық гвардия және полиция департаменті бөлімшелерімен бірге мекеме аумағын шолғындау ұйымдастырылып, қарауыл мұнараларына бақылау күшейтілді. Сонымен қатар инженерлік-техникалық құралдар да жетілдіріліп жатыр.
«Өкінішке орай, осынау теріс жайтқа қызметкерлеріміздің де қатысы бар бірен-саран оқиға орын алғанын мойындауымыз керек. Жылдың басынан бері өзіндік қауіпсіздік бөлімшеміз мұндай 8 қызметкерді ұстады. Олардың барлығы теріс қылықтары үшін жұмыстан шығарылды», - деді Жанат Ешмағамбетов.