05 мам, 2021 сағат 14:53

Сотталғандардың басым бөлігі жазасын өтегеннен кейін түрмеге оралмайды – Арман Жұмағалиев


Сотталғандардың басым бөлігі жазасын өтегеннен кейін түрмеге қайтып оралмайды. Мұндай пікірді ҚР Ұлттық ұланы «Батыс» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы Арман Жұмағалиев білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бүгінде Ұлттық гвардия бәрі үшін де ашық. Тіпті әскери қызметте болмаған таныстарымның көпшілігі ол жайында көп жайттан құлағдар. Яғни, олардың немен айналысатынын, қоғамдық тәртіпті қадағалауда қандай іс атқарғанын, оның ішінде түзету мекемелерін күзететіндігін жақсы біледі. Олар түзету мекемелерінде қайта тәрбиелеуді қажет ететін адамдардың ұсталатындығын түсінеді», - деді ол ҚазАқпарат тілшісімен телефон арқылы тілдесу барысында. 

Сонымен қатар ол түзету мекемелерінің жұмыс тиімділігіне қатысты да ойымен бөлісіп өтті.

«Қоғамымызда түрлі адамдар бар. Олардың психологиясы, дүниетанымы, көзқарасы әртүрлі болып келеді. Түзету мекемелері сотталғандарды 100 пайыз дұрыс жолға түсіреді деп айта алмаймын. Шамамен 82 пайызы қалыпты өмірге оралатындығы рас. Соңғы уақытта түзету мекемесіне қайтадан келетін адамдардың саны күрт азайды. Мәселен, Кеңес одағы заманда түрмеге қайтадан түсетін сотталушылардың саны көбірек болатын. Қазір олар бостандыққа шыққаннан кейін жұмысқа орналасып, қоғамға сіңісіп кетіп жатыр. Сондықтан сотталғандардың басым бөлігі коллонияға қайтып түспейді», - деді Арман Жұмағалиев. 

«Батыс» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы сөз соңында әскери қызметті таңдауына әкесі себепкер болғанын айтты. 

«Әкем әскери қызметші болғаннан кейін осы мамандықты таңдадым. Екі атам соғыста мерт болды. Осы себептер мамандық таңдауыма түрткі болып, әскери қызметті таңдаған едім», - деді ол.