08 шіл, 2022 сағат 18:45

Сот Сыроежкиннің ісін қайта қараудан бас тартты


Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының бұрынғы ғылыми қызметкері, белгілі қытайтанушы Константин Сыроежкинге қылмыстық істі қайта қараудан бас тартылды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz агенттігі.

2019 жылы Константин Сыроежкин мемлекетке опасыздық жасағаны үшін айыпты деп танылған. Алматының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты оны 10 жылға бас бостандығынан айырды.

"Жоғарғы Соттың Қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы судьясының 2022 жылғы 14 сәуірдегі қаулысы бойынша сотталған Константин Сыроежкиннің өтінішін сот актілерін қайта қарауға негіздердің болмауына байланысты кассациялық сатыдағы сот отырысында қараудан бас тартылды. Бас тарту туралы қаулы шыққанға дейін және одан кейін сотталушының өзі де, оның қорғаушылары/адвокаттары да сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарау туралы өтініш білдірген жоқ", - деді Жоғарғы Соттың баспасөз қызметі өкілдері.

2019 жылдың басында Константин Сыроежкин қамауға алынған болатын. Тергеуді ҰҚК органдары ҚР Қылмыстық кодексінің 175-бабы 1-бөлімі "Мемлекетке опасыздық жасау" бойынша жүргізді.

Константин Сыроежкин – тарих ғылымдарының кандидаты және саяси ғылымдардың докторы. 2006 жылдан бастап Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтында бас ғылыми қызметкер болып жұмыс істеген.