Бүгін Үкімет үйінде ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Халықаралық теннис федерациясының президенті Дэвид Хаггертимен кездесу өткізді. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.
Әңгіме барысында теннисті дамыту және аталған спорт түрін Қазақстанда ілгерілетуге қатысты өзара іс-қимыл мәселелері талқыланды.
«Теннис – әлемдегі ең әсерлі және жақсы танылған спорт түрлерінің бірі. Бұған дәлел – миллиондаған жанкүйерлер мен осы спортқа деген қызығушылықтың ұдайы артуы. Бүгінде теннис спорты біздің азаматтарымыздың да ерекше қызығушылығын тудырып отыр. Бұл – еліміздің әлемдік қоғамдастықтағы спорттық имиджін нығайту жолындағы басым бағыттардың бірі», — деді Смайылов.
Өз кезегінде Дэвид Хаггерти Қазақстанда тенниспен тұрақты түрде айналысу үшін қолайлы жағдай жасауға, кәсіби теннисшілерді тәрбиелеуге және жас ойыншыларды жан-жақты қолдауға ерекше көңіл бөлінетінін атап өтті.
Қазіргі таңда республикамызда 33 мыңнан астам адам үлкен тенниспен шұғылданады, оның ішінде 15 мың бала бар. Елімізде барлығы 46 теннис залы жұмыс істейді. Балалар мен жасөспірімдердің облыстық спорт мектептерінде 30 теннис бөлімшесі ашылды.
Ойыншылардың жарысқа түсіп, тәжірибе жинауы үшін елде жыл сайын 40-қа жуық халықаралық турнир өткізіледі, олардың қатарында «ATP Challenger», «ITF Women’s», «World Tennis Tour: Men’s, Women’s», «ITF Junior», «ATF Junior 14&U» турнирлері бар.
Айта кетейік, ITF президенті Нұр-Сұлтан қаласына биыл 15-16 сәуірде өтетін Қазақстан мен Германия әйелдер құрамалары арасындағы теннистен командалық әлем чемпионатының финалына біліктілік кезеңі аясында келді.