Фото: primeminister.kz
Премьер-министр Әлихан Смайылов мемлекеттік бағдарлама бойынша салынған тұрғын үйлерге қатысты мәселе қозғады. Үкімет отырысында министрлер мен әкімдерге қабырғасы түсіп жатқан үйлер мен сапасыз жолдардың, сондай-ақ сапа стандарттарына сәйкес келмейтін, тоз-тозы шыққан аулалардың суреті көрсетілді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Отырыста тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамыту мәселесі қаралды. Министрдің баяндамасынан кейін Үкімет басшысы сөз алды.
"Мемлекеттік бағдарлама бойынша салынған тұрғын үйлердің мәселесіне жеке тоқталғым келеді. Мемлекет тұрғын үй құрылысына үлкен қаржы бөліп отыр. Соған қарамастан, оның сапасына қатысты шағым өте көп. Аулалардың фотосын көріңіздер. Мұндай үйлердің қай өңірде салынғанын айпай-ақ қояйын, бірақ барлық жерде осындай көрініс! Оны өздеріңіз де білесіздер. Балалардың ойын алаңына қараңыздар! Жолдардың жағдайы қандай?! Бұл не, қалыпты нормаға айналған ба?", - деді Смайылов.
Премьер-министр әкімдерге бюджет қаржысына салынған үйлерге ревизия жасап, барлық кемшілікті шұғыл түрде жоюды тапсырды. Сондай-ақ ол тұрғын үй құрылысының сапасын қатаң бақылауға алу қажеттігін айтты.
«Бүгінде тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында шұғыл әрі сапалы шешуді қажет ететін мәселе көп. Сонымен қатар жауапты мемлекеттік органдардың жұмысында да халықтың әлеуметтік осал топтарын тұрғын үймен қамтамасыз етуде кемшіліктер бар.
Кезекте тұрғандарды баспанамен қамтамасыз ету жұмыстарының сапасыз жоспарлануын да бөлек алып қарауға болады. Салынып біткен тұрғын үйлерін ала алмай жүрген азаматтардан шағымдар көп түсіп жатыр. Себебі «Отбасы банкінде» жеңілдікпен несие беруге қажетті қаражат жоқ», - деді Үкімет басшысы.
Премьер-Министр айтылғандарды есепке ала отырып, кезекте тұрғандарға жалдау ақысын субсидиялау жөніндегі шаралардың тиімділігіне қосымша талдау жүргізіп, нақты ұсыныстар енгізуді, сондай-ақ кезекте тұрғандарды тұрғын үймен қамтамасыз ету кезінде мемлекеттік қолдаудың барлық бағыттарын уақытылы қаржыландыруды тапсырды.
Әлихан Смайылов өңірлерде құрылыс маусымын уақытылы бастау үшін тиісті жер учаскелерін алдын ала бөлу, жобалық құжаттаманы әзірлеу және қажетті инфрақұрылымды жүргізу маңызды екенін атап өтті.