04 мам, 2022 сағат 12:12

Смайылов ауылдарды сумен қамту құжаттарын уақтылы дайындауды тапсырды


Бүгін Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов елді мекендерді сапалы ауыз сумен қамту жобалық-сметалық құжаттарын уақтылы дайындауды тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Айта кетейік, отырыста ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев ел тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мәселелеріне орай баяндама жасаған болатын. 

«Жоспар бойынша біз 511 ауылды сумен қамтамасыз етуіміз қажет. Оның ішінде 120 елді мекенді биыл су кіргіземіз. Ал қалған ауылдар бойынша жобалық-сметалық құжаттар дайындалып жатыр ма?», - деп сұрады Әлихан Смайылов министрден.

Қайырбек Өскенбаевтың дерегінше, қазіргі уақытта 69 жобалық-сметалық құжат әзірленіп жатыр. Қалған 175 жоба келесі екі жылдың еншісінде. 

«Жергілікті әкімшіліктермен жұмыс істеп жатырмыз. 54 елді мекенде құжаттың дайындалмауына ауыз суды зерттеу жұмыстары кедергі келтіріп отыр. Қалғаны орындалады», -деді ол. 

Осы орайда Премьер-Министр қажетті құжаттардың дер кезінде дайындалуы тиістігін баса айтты.

«Құжаттар уақтылы дайындалып, жоспар бойынша ауылдық елді мекендерді сумен қамтамасыз етуіміз қажет», - деді Әлихан Смайылов.