СҚО-да ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуге басымдық беріледі.
Бұл туралы Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Ауыл шаруашылығы – біздің аймақ үшін негізгі сала. Былтыр осы алаңда ауыл шаруашылығын әртараптандыру бағытын таңдау туралы айттым. Ол өзінің жемісін беруде. Ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі – 700 млрд теңгеге жетті. Бұл 2019 жылдың көрсеткішінен 89 миллиард теңгеге асып түсті», - деді өңір әкімі Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Жыл соңына дейін 115 миллиард теңге инвестиция тартылады. Осылайша, аймақ елдегі агроинвестицияның 25% қамтамасыз етеді.
«Құрғақшылыққа қарамастан, біз дәстүр бойынша ел астығының төрттен бірін және майлы дақылдардың үштен бірін жинадық. Бұл – барлық агротехникалық шараларды орындаудың нәтижесі. Өңір диқандары республикада техниканы жаңарту және минералды тыңайтқыштарды енгізу бойынша көш басында тұр.
Біз өсірілген өнімді мейлінше қайта өңдеуіміз керек. Өздеріңіз білетіндей, астық өңдеу бойынша сегіз жылдық үзілістен кейін «Биоперейшн» ЖШС ірі жобасы қалпына келтірілді. Жақында зауытты жаңғыртудың үшінші кезеңі аяқталады, оған инвестор 12 млрд теңге салды. Енді кәсіпорын крахмал, глютен, желімтекпен бірге биоэтанол өндіреді. Биоэтанол, ең алдымен, отындағы октанды көбейтеді. Өнімге сұраныс жоғары. Қазір Павлодар мұнай өңдеу зауытына биоэтанол жеткізуге шарт жасастық. Бастапқы кезеңде жылына 20 мың тонна биоэтанол өндіру жоспарлануда, оның көлемі біртіндеп 36 мың тоннаға дейін ұлғаяды. Осылайша, біз елдің осы өнімге деген қажеттілігін толығымен жабамыз», - деді Ақсақалов.