Солтүстік Қазақстан облысында денсаулық сақтау басқармасы коронавируспен күресте қажет қорғаныш киімдерін негізсіз қымбат бағаға сатып алған, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
СҚО сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет денсаулық сақтауға қатысты үш мемлекеттік ұйымды тексеріп, сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізді.
Мұндай талдау жұмысы барлық өңірлер бойынша ұйымдастырылған. Нәтижесі бойынша республикалық деңгейде шара қолданылады.
«СҚО денсаулық сақтау басқармасына, СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті мен оның Петропавлдағы басқармасының жұмысына талдау жүргізілді. Жұмыс барысында COVID-19-бен күреске бөлінген қаражаттың мақсатты жұмсалуы, яғни жеке қорғаныш құралдарын, медициналық жабдықтарды тиімді бағаға жеткілікті түрде сатып алу жағдайлары және медицина қызметкерлеріне үстемеақы төлеуге бөлінген бюджеттің дұрыс игерілуі тексерілді. Сыртқы талдау барысында бірқатар олқылық анықталып, сыбайлас жемқорлыққа жол беретін жағдайларды жоюға 41 ұсыныс жасалды», - дейді ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің СҚО бойынша департамент жетекшісі Жарқын Ғалымов.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет жүргізген сыртқы талдау нәтижесінде санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің жұмысында негізгі қауіпті аймақтар анықталды.
«Әкімшілік құқықбұзушылық туралы Кодекстің 425-бабы 1-бөлімін әмбебап деп айтуға болады. Бұл бапты азық-түлік өнімін шығарушылар техникалық регламентті және медициналық мекемелердің, қоғамдық тамақтану орындары мен сауда орталықтарының жауапты тұлғалары санитарлық талаптарды бұзғанда, ал 2020 жылдың жазынан қарапайым тұрғындарға карантиндік шараларды бұзғаны үшін қолданылып келеді», - дейді ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің СҚО бойынша департаменттің басқарма басшысы Дамир Хабибулин.
Бұл бапты бұзғандарға 30 АЕК – 87 510 теңге айыппұл салынады. Маска тақпағаны үшін осындай үлкен көлемде айыппұл төлеу отбасы бюджетіне айтарлықтай салмақ салады. Айта кететін тағы бір жайт, сауда орталықтарында карантин талаптарының сақталуына жауапты тұлғаларға маска тақпағаны үшін жеке тұлға ретінде де дәл сол көлемде айыппұл салынады екен.
«Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің қызметкерлеріне үстемеақы төлеуде олқылықтар анықталды. Коронавируспен күреске жұмылдырылмаған мамандар, яғни құжатпен жұмыс істеген қызметкерлерге үстемеақы төленген. Артық төленген қаражат – 500 мың теңгеден асады. Ақша бюджетке қайтарылды», - дейді Дамир Хабибулин.
Ал жеке қорғаныш киімдерін сатып алуда денсаулық сақтау басқармасы бюджет қаражатын тиімсіз жұмсаған. Тексеріс барысында мекеменің кәсіпкерден қорғаныш киімдерінің бір данасын 40 327 теңгеге сатып алғаны анықталды. Осылайша 27 млн 664 мың теңгеге 686 данасы алынған. Дәл сол уақытта «СК-Фармация» ЖШС 7020 костюмді 165 млн 250 мың теңгеге алған. Мұнда бір данасы 23 540 теңгеге шыққан. Басқармаға 115 млн теңгені үнемдеуге болар еді.
СҚО денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Нұрлан Аймановтың айтуынша, ол уақытта елде төтенше жағдай жарияланып, сатып алуларды ерекше тәртіппен жүргізуге тура келген екен.