Солтүстік Қазақстан облысы Тайынша ауданындағы «Обуховский кен-байыту комбинаты» ЖШС аумағында былтыр болған төбелеске қатысты үкім шықты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Естеріңізге салайық, былтыр маусым айында Тайынша ауданындағы «Обуховский кен-байыту комбинаты» ЖШС аумағына 30 шақты адам келіп, басып кірмек болады.
Кәсіпорын қызметкерлері оларға тойтарыс беріп, салдарынан 10 адам түрлі жарақат алды.
Тайынша аудандық № 2 соты қылмыстық істі қарап, озбырлық көрсеткен жеті адамға қатысты үкім шығарды.
Тайынша аудандық № 2 сотының мәліметінше, сотталушы К.В. Саверский «Тиолайн» ЖШС директорының орынбасары болып тағайындалған.
Бірақ оны кәсіпорын аумағына кіргізбегендіктен, құрылтайшылардың бір бөлігі өз және ЖШС атынан сотқа шағымданған.
Сот ЖШС құрылтайшысы В.И. Долгалевтің, ЖШС бұрынғы директоры Т.Е.Алмасбаевтың, «Stal KZ» ЖШС күзет кәсіпорнының және «Обухов кен-байыту кәсіпорны» ЖШС Саверскийді кәсіпорын аумағына кіргізбеуін заңсыз деп табады.
Алайда, Саверский сот үкімінің заңды күшіне енуін күтпей, өзі жалдаған күзет агенттігінің қызметкерлері М.Ж. Кеңесбай, Е.К.Майданов, С.Т. Медеубаев, А.Г. Бахтыбаев, Д.К. Жаппаров және К.Н. Секеновпен кен-байыту комбинатының аумағына заңсыз түрде күш қолдану арқылы кірмек болған.
Олардың кінәсі зардап шегушілердің, куәгерлердің түсініктемесімен және сараптама қорытындысымен толық дәлелденді.
Кеңесбай, Майданов, Медеубаев, Бахтыбаев және Жаппаров өз кінәсін мойындады.
Сот үкім шығару барысында олардың бұрын сотталмағанын есепке алып, әрқайсысын 1 жыл 6 айға бас бостандығынан айырды.
Қылмысты ұйымдастырған Саверский 2 жылға сотталды. Ол жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздік деңгейі төмен мекемесінде өткереді.
Ал төбелес барысында пышақ қолданып, кәсіпорын қызметкерлерінің бірін жеңіл жаралаған Секенов 1 жыл 6 айды колонияда өткізеді.
Сондай-ақ сотталғандар моральдық зиян келтіргені үшін зардап шеккендерге өтемақы төледі.