Петропавл қалалық соты халықты жұмыспен қамту орталығының бұрынғы директоры мен оның екі сыбайласына қатысты үкім шығарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Петропавл қалалық сотының мәліметінше, облыс орталығындағы халықты жұмыспен қамту орталығының директоры сенімді адамдары арқылы бірнеше рет пара алған.
Сотталушы, халықты жұмыспен қамту орталығының директоры мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыру барысында, сыбайластары арқылы жеке тұлғалардан оларға жалға берілетін пәтерлерді бергені үшін сыйақы алып келген.
Прокурор сотталушыны тиісті органдарда қызмет атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, 10 жылға бас бостандығынан айыруға, оның сыбайластарына да 10 жылға бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындауды сұрады.
Сотталушылар кінәларын мойындамады және олар өз әрекеттерінде қылмыстық құқық бұзушылықтың болмағаны үшін ақтауды сұрады.
«Бірнеше рет үлкен мөлшерде пара алғандарға айыппұл немесе 7 жылдан 12 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза қарастырылған. Сотталушылар бұрын істі болмаған, бұл олардың жазасын жеңілдететін жағдай ретінде алынды. Сондай-ақ, сыбайлас ретінде жауапқа тартылғандардың бірінде жас баласы бар. Осының бәрін негізге ала отыра сот жұмыспен қамту орталығының экс-директорын 8 жылға бас бостандығынан және өмір бойына мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан айырды. Ал оның сыбайластарына 7 жылға бас бостандығынан айыру жазасы кесілді. Олардың әрқайсысы жазасын орташа қауіпсіздік мекемесінде өтеп, 5 жылға мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан айырылды», - делінген Петропавл қалалық соты таратқан хабарламада.