Солтүстік Қазақстан облысында тәртіп сақшылары 4,5 тонна артемия салина шаянын заңсыз аулаған Тайынша ауданының тұрғынын ұстады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Тайынша ауданының полицейлері және СҚО ПД Криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері бірлесе рейд өткізген. Іс-шара барысында тәртіп сақшылары «ЗиЛ» жүк көлігін тоқтатты. Көліктен салмағы 4,5 тонна артемия салина шаяны салынған 105 қап табылды. 1987 жылы туған жергілікті тұрғын көліктегі жүкке қатысты құжаттарды көрсете алмады.
Аталған факті «Ұрлық» бабы бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Күдіктіге қатысты келуге міндеттеу түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды. Жүк көлігі арнайы тұраққа қойылды.
Шығын сомасы әзірге белгісіз. Полиция қызметкерлері оқиғаның мән-жайын анықтауға қатысты жұмысты бастап кетті.
«Артемия салина шаяны фармакологияда қолданылатын құнды шикізат. Ол «қара базарда» сұранысқа ие және қымбат тұрады. Сонысымен де көпшіліктің қызығушылығын тудырады. Алайда шаян тәрізді жәндіктері бар көлдер жалға алынған. Артемия салинаны ұрлау фактілері бұрын да тіркелген. Бұл жағдай жыл басынан бері Тайынша ауданында шаян тәрізділерді тәркілеудің ең ірі көлемі болып отыр», - дейді аудандық полиция бөлімінің бастығы Нұрлыжан Ақтанов.
Облыста өткізіліп жатқан «Браконьер» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында 23 мобильді топ құрылды. Тәртіп сақшыларына аңшылық шаруашылықтардың қорықшылары да көп көмек көрсетеді. Жалпы «Браконьер» іс-шарасы басталғалы облыста табиғатты қорғау заңнамасын бұзудың 246 дерегі тіркелді. Негізінен аң аулау ережелерін бұзуға қатысты, яғни 208 жағдай анықталды. Заңсыз атылған 5 аңның еті, 8 қару тәркіленді.
Экологиялық қылмыстар бойынша 9 қылмыстық іс қозғалды.