23 ақп, 2021 сағат 15:50

СҚО-да бірнеше студент интернет-алаяқтардың құрығына түскен

Солтүстік Қазақстан облысында бірнеше студент ұзақ мерзімге пәтер жалдаймыз деп интернет-алаяқтарға алданды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, жыл басынан Петропавлда студенттерге қатысты жасалған 4 интернет-алаяқтық фактісі тіркелді. Барлық жағдайда жәбірленушілер OLX сайты арқылы ұзақ мерзімге жалға алуға баспана іздестірген. Арзан бағаға қызыққан студенттер көрсетілген нөмір бойынша қоңырау шалған. «Пәтер иесі» пәтерін сұраушылардың көптігін айтып, оны тек алдын ала төлем жасағанға ғана жалға беретінін айтқан. Арам ойы жоқ студенттер ақшаны көрсетілген шотқа аударған, қаражат қолға түсісімен «үй иесі» қоңырауларға жауап бермей, жоғалған. Қазіргі уақытта полицейлер қаскөйлерді анықтау бойынша жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізіп жатыр. 

Жастарды ескерту мақсатында петропавлдық полицейлер қала колледждерінің шәкірттерімен кездесті. Тәртіп сақшылары алаяқтар жиі қолданатын айла-тәсілдер жайында айтып, қылмыстың бұл түріне қандай жауапкершіліктің барлығын, алаяқтарға кезіккен кезде қандай әрекет жасау қажеттігі туралы ескертті. Жастардың сұрақтарына жауап беріп, арнайы профилактикалық жадынамалар және буклеттер таратты. 

Полицейлердің айтуынша, өткен жылмен салыстырғанда интернет-алаяқтық екі есе артып, биыл облыс орталығында 60-тан астам қылмыс тіркелген.