25 там, 2020 сағат 22:04

СҚО-да ауылдастарының итін сойып жеген 3 тұрғын ұсталды

Солтүстік Қазақстан облысында итті ұрып өлтіріп, кейін сойып жеген үш тұрғынға қатысты қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 22 тамыз күні Большая Малышка елді мекенінің тұрғыны полицияға арызданды. Айтуынша, үш ауылдасы оның итін жеп қойған. Ол үшеудің біреуіне 6 мың теңге қарыз болған. Соның өтеуі ретінде итін берген. Алайда ауылдастары ол итті үй күзету үшін емес, жеу үшін алған екен. 

Үш ер адам итті Есіл өзенінің жағасында ұрып өлтіріп, сойып, отқа қақтап жеген. Иттің қыңсылы мен оны ұрып жатқанын жақын маңда балық аулап отырған 12 мен 16 жастағы екі жасөспірім естиді. Кейін үйіне кетіп бара жатқан балалардың бірі үш ауылдасының сары итті ағашқа асып қойып, мүшелеп жатқанын көрген. 

Аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері 1987 жылы туған күдіктіні ұстады. Оның қасында болған 1986 және 1982 жылы туған екі сыйбайласынан жауап алынды. Аталған факті Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне «Жануарларға қатыгездік жасау» бабы бойынша тіркелді. Күдіктіге қатысты келуге міндеттелу түрінде бұлтартпау шарасы тағайындалды. 

«Оқиғаға қатысы барлардың бірі иттің етін жеуден бас тартқан. Алайда үшеуі де өз әрекеттерін оғаштық байқамайды. Сот олардың пікірін өзгертеді деген сенімдеміз. Жануарларға қатыгездік көрсеткендерге заң бойынша 120 АЕК мөлшерінде айыппұл немесе сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не 120 сағатқа дейiнгi мерзiмге қоғамдық жұмыстарға тарту, не болмаса 30 тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алу жазасы қарастырылған», - деді Қызылжар ауданы ПБ бастығы Әлихан Байқадамов.