Фото: REUTERS/Mahmoud Hassano
Қазіргі дерек бойынша, эпицентрі Түркияның Кахраманмараш қаласынан туындаған жойқын зілзаладан Сирияда 1602 адам қаза тауып, 3649 адам жараланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Анадолы агенттігіне сілтеме жасап.
Іздеу-құтқару жұмыстары Идлиб, Алеппо, Хама, Латакья және Тартус аудандарында жалғасып жатыр.
Жергілікті SANA ақпарат агенттігінің (Башар Асад режимінің бақылауында) хабарлауынша, Алеппо, Латакья, Хама және Тартуста 812 адам қаза тауып, 1449 адам жараланған. Қираған үйлер өте көп.
Сирияның солтүстігіндегі оппозиция бақылауындағы аудандарда да көптеген ғимараттар қирап, бүлінген.
Сирияның адам құқықтарын қорғау ұйымы (SNHR) және Сирияның азаматтық қорғаныс басқармасы Идлиб пен «Евфрат қалқаны» және «Зәйтүн бұтағы» операциялары аймағында кем дегенде 790 адам қаза тауып, 2,2 мыңнан астам адам жараланғанын айтуда.
Еске сала кетсек, 6 ақпанда Түркияның оңтүстік-шығысында магнитудасы жеті балдан асатын екі жер сілкінісі болды (жергілікті уақыт бойынша 04.17-де – 7,7 балл және 13.24-те-7,6 балл). Салдарынан қаза тапқандар саны 3,3 мыңнан асты.
Президент Режеп Тайып Ердоған Түркияда апат құрбандары үшін жеті күндік Жалпыұлттық аза тұту туралы жариялады. Елдің мемлекеттік тулары бүкіл ел бойынша төмен түсірілді.
Көршілес елдерде, соның ішінде Сирияда, Ливанда, Солтүстік Кипр, грек Кипрінде және Иракта да жойқын жер сілкінісі болған.