02 қаз, 2020 сағат 12:29

СІМ-нің бұрынғы шенеуніктеріне қатысты сот үкімі шықты

ҚР Сыртқы істер министрлігінің бұрынғы жауапты хатшысы Анарбек Қарашев пен Қазақстанның Өзбекстандағы елшісі Ерік Өтембаевқа қатысты Нұр-Сұлтан қаласы «Байқоңыр» ауданы №2 сотының айыптау үкімі шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Сот оларды Өзбекстандағы Қазақстан Елшілігінің әкімшілік ғимаратын салу кезінде орындалған жұмыстарды қабылдау бойынша лауазымдық өкілеттіктерін теріс пайдаланғаны үшін кінәлі деп танып, 2 жылға бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады. Сонымен қатар, ҚР Президентінің атына аталған тұлғаларды «ҚР Төтенше және өкілетті елшісі» дипломатиялық дәрежелерінен және «Ерен еңбегі үшін» мемлекеттік наградалары мен «Құрмет» орденінен айыру туралы ұсыныс енгізілді», - деді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің 1-ші департаментінің аса маңызды істер жөніндегі тергеушісі Данияр Бекайдаров онлайн брифинг барысында. 

Оның айтуынша осы үкіммен пара бергені және алғаны, сондай-ақ Қарашевке көмектескені үшін тағы 4 адам сотталған. Атап айтқанда «Дипломатиялық қалашық құрылысы дирекциясы» ЖШС директоры Б. Нұрекенов 5 жылға бас бостандығынан, СІМ Шаруашылық басқармасының директоры және бөлім басшысы С. Сәкенова мен Г. Жұмасанова 2 жылға бас бостандығынан айырылған. Сондай-ақ азамат Р. Кутдусовқа 36,9 млн теңге айыппұл салынған.

«Олар Сирияаралық келіссөздер, ШЫҰ және ЕурАзЭҚ отырыстары, Ислам ынтымақтастығы ұйымының саммиті сияқты маңызды халықаралық іс-шараларды ұйымдастыру бойынша қызметтерге шарттар жасау үшін пара алған. Параның жалпы сомасы 52 млн теңгені құрады. Оның ішінде 7,4 млн теңге Қарашевтің 18 түрлі мейрамханалар мен сауналарға барған шығындары үшін төленген. Сотталған тұлғалар мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан өмір бойына айырылды. Үкім заңды күшіне енген жоқ», - дейді ол.