29 нау, 2022 сағат 12:44

СІМ "Қазақстанды денацификациялау" туралы мәлімдемеге қатысты пікір білдірді


Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Мәскеу қалалық думасының депутаты тарапынан айтылған «Қазақстанды денацификациялау» туралы мәлімдемеге қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

"Депутаттың мәлімдемесіне байланысты Қазақстан Ресейге ресми түрде нота жібере ме?" деген сұраққа Тілеуберді министрлік тек "федералдық деңгейдегі мәлімдемелерге" ғана реакция білдіреді деді.

«Айтылған әр мәлімдемені жеке-жеке қарастырып, кім айтса, сол деңгейде жауап беру керек. Мысалы, бұған дейін Зюгановтың (Ресей мемлекеттік думасының депутаты - ред.) айтқанына біздің депутаттар өз бағасын берді. Ал бұл мәлімдеме - Мәскеу қалалық кеңесінің депутатынікі. Ол - федералдық деңгей емес. Федералдық деңгейден төмен, қалалық дума ма, басқа ма – ондай мәлімдемелерге біздің блогер, саясаткер, эксперттеріміз жауап беруі керек», - деп жауап берді ол.

Оның айтуынша, Қазақстан сыртқы істер министрлігі "федералдық деңгейде айтылған мәлімдемелерге бұған дейін жауап берген".

Ал Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров бұған қатты жауап қатудың керегі жоқ деп есептейді.

«Бұл сұрақ менің салама қатысты емес. Дегенмен жеке пікірім бар. Мұндай нәрселердің айтылуы, әлбетте, жағымсыз. Бірақ сондай қатты жауап берудің керегі жоқ. Өйткені біз тоқтап қалмаймыз. Өз жайымызды, экономикамызды, халқымызды ойлауымыз керек. Белгісіз адамдардың түсініксіз мәлімдемелеріне қарайлаудың керегі жоқ», - дейді Қуантыров.

Айта кетсек, бұған дейін Мәскеу қалалық думасының депутаты Сергей Савостьянов Қазақстанды Украинадай «денацификациялауға», «демилитаризациялауға» шақырған болатын