06 нау, 2022 сағат 18:20

Сібір елігін атып, ат құйрығына байлаған браконьерлер ұсталды


Алматы облысында сібір елігін атып, ат құйрығына байлап қойған браконьерлер ұсталды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі ҚР ЭГТРМ Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

5 наурызында Алматы облысында "Іле-Алатауы" ұлттық паркі инспекторлары сібір елігін атқан браконьерлерді ұстағаны хабарланды.

Түрген филиалының инспекторлары Әшімов, Байтасов, Жылқайдаровтар рейд жүргізген. Барлау кезінде Алматы мемлекеттік табиғи кешенді қорығының аумағында Алматы облысының атқа мінген екі тұрғынынан екі мылтық пен сібір елігі анықталды.

"Бір қызығы браконьерлер атқан олжасын сол қалпы ат құйрығына байлап қойған. Ұстау кезінде құйрығына елік байланған жануар үркіп, елді мекенге қашты. Алдымен браконьерлерді құрықтаған инспекторлар артынша елік байланған атты да ұстады. Инспекторлар құқық бұзушыларды Алматы облысы Еңбекшіқазақ аудандық полиция басқармасына жеткізді", - делінген хабарламада.

Қазір аталған дерек бойынша соталды тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр.