Шымкентте заңсыз қару алып жүрген күдіктілер ұсталды, – деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Шымкент қаласы Полиция департаментінің қызметкерлері төтенше жағдай кезінде қала аумағындағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуде. Арнайы іс-шаралар барысында өзімен бірге қаруды заңсыз алып жүрген, сонымен қатар басқа да заң бұзушылық жасаған бірнеше күдікті анықталып, ұсталды.
Атап айтқанда, А.Асқаров көшесінің бойында «Lexus RX-330» автокөлігін тоқтатқан тәртіп сақшылары көлік ішінен атыс тапаншасын тапты. Аталған автокөліктің жүргізушісі мен жолаушысы уақытша ұстау изоляторына қамалды.
8-шағынаудан аумағында жедел іс-шаралар жүргізу барысында, ондағы жалдамалы пәтерлердің бірін жалға алған 1995 жылы туған Алматы облысының тұрғыны мен 1991 жылы туған Түркістан облысының тұрғынын тексерді. Нәтижесінде бірінің күртешесінің қалтасынан 4 дана 5,45-мм калибрлі оқ-дәрілер және қол сөмкесінен әртүрлі маркалы 42 дана ұялы телефондар мен 4 дана ноутбук тәркіленді.
Сондай-ақ, Патрульдік полиция полкінің инспекторы өзіне бекітілген аумақты патрульдеу кезінде «Hundai Starex» маркалы автокөлікті тоқтатып, тексеру кезінде көліктің жолаушысы өзімен бірге шолақ мылтық пен оның оқ-дәрілерін алып жүргенін анықтаған. Қазіргі таңда күдікті азамат уақытша ұстау изоляторында.
Полиция қызметкерлерімен қала жолдарында кезекшілік ету кезінде Асар шағынауданының аумағында «LADA-2114» автокөлігінен 1 дана бита мен оқ-дәрілер анықталған.
Қаратау ауданы Полиция басқармасының қызметкерлері Нұрсат шағынауданындағы жалдамалы пәтерлерді тексеру кезінде, олардың бірінің балконынан үлкен тастар тауып алған.
Шымкент-Самара тас жолында орналасқан «Бадам» бұғаттау бекетінде «Toyota Land Cruiser» көлігін тексеру барысында атыс тапаншасы табылып, тәркіленді.
Аталған жайттар бойынша қазіргі таңда қылмыстық істер тіркеліп, сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары жүргізілуде.