Фото: Massaget.kz
Шымкентте бала еміп жатып, сүтке тұншығып қалған. Ана сүті баланың өкпесіне кетіп, жүрегі тоқтап қалған, - деп хабарлайды Massaget.kz.
Оқиға Шымкенттегі №2 ауруханада болған. Жас ана нәрестесін қолына алып, жансақтау бөлміне жүгіріп келіп, сәбиін аман алып қалуды өтінген. Дәрігер Асхат Жақыбаев асфиксия салдарынан жүрек жұмысы тоқтап, клиникалық өлім жағдайына шалдыққан сәбиді аман алып қалған.
Сәбидің анасының айтуынша, нәрестесі еміп жатып, сүтке тұншыққан. Осылайша, оның демалысы тоқтап, жүрек соғысы нашарлаған. Дәрігер нәрестенің жүрегіне массаж жасап, өкпесін интубация түтікшесі арқылы жасанды тыныс алу апаратына қосқан. Ол 5-6 минут ішінде жүрек және тыныс алу мүшелерінің жұмыстарын қалпына келтіру арқылы сәбиге қайта өмір сыйлаған.
Айта кетейік, сәбиді аман алып қалған Асхат Қойшыбекұлы 18 жылдан бері денсаулық сақтау саласында жоғары санатты анестезиолог-реаниматолог ретінде қызмет етіп келеді.