Шымкентте коменданттық сағатты бұзғаны үшін 204 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды, оның 75-і қамауға алынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Блок бекеттерде 14 962 автокөлік тексеріліп, нәтижесінде жаппай тәртіпсіздікке қатысқан 9 азамат ұсталды. Олардан 2 газ тапанша тәркіленген.
Жалпы іс-шаралар нәтижесінде бұзақылыққа қатысты деген күдікпен 77 адам бойынша қылмыстық іс қозғалып, абақтыға қамалды. Күдіктілерден шолақ мылтық, травматикалық тапанша, патрондар мен ұрланған телефондар тәркіленген.
Жаппай тәртіпсіздік кезінде 50 тәртіп сақшысы түрлі жарақат алған, оның ішінде екеуіне оқ тиіп, ауыр жағдайда ауруханада жатыр. 77 полиция көлігі зардап шеккен.
Қаладағы бейнебақылау жүйесінің 189 «сергек» камерасы қиратылған. Қазіргі кезде камераларды қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр.
Ал, өрт сөндірушілер арасында дене жарақатын алғандар жоқ. Күнделікті 50-ден аса техника мен 900 жеке құрам қызметкері үш ауысымда күшейтілген күн тәртібінде жұмыс істеуде.