Фото: KazChess
Шымкент қаласында бір уақытта екі ірі халықаралық шахмат турнирі – Қазақстан Республикасы Балалар кубогының бірінші кезеңі «Д.Ә. Қонаев-2026 мемориалы» және KazChess Masters Nauryz 2026 жарысы басталды, деп хабарлайды Ult.kz.
Балалар кубогының алғашқы кезеңі рекордтық көрсеткішке жетіп, 409 жас шахматшыны жинады. Бұл жоспарланған 350 қатысушыдан әлдеқайда көп. Турнирге Қазақстанмен қатар Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстаннан келген жас ойыншылар қатысуда. Жарыс 14 жасқа дейінгі және 10 жасқа дейінгі санаттар бойынша өтіп, швейцар жүйесімен 9 турға жоспарланған. Жалпы жүлде қоры – 4 миллион теңге.
Фото: KazChess
Аталған турнир жас таланттарды анықтайтын негізгі алаңдардың бірі саналады. Өткен жылы қазақстандық жасөспірімдер әлемдік деңгейде жоғары нәтиже көрсетіп, бірнеше жас санатында алтын жүлде жеңіп алған болатын.
Сонымен қатар қалада ересектер арасында өтетін KazChess Masters Nauryz 2026 турнирі де қатар басталды. Бұл жарыста 10 шахматшы айналмалы жүйе бойынша бақ сынайды. Олардың қатарында бес қазақстандық жас талант пен рейтингі 2600-ден асатын бес шетелдік гроссмейстер бар. Турнирдің жүлде қоры 25 миллион теңгені құрайды, ал жеңімпаз 7 миллион теңгеге ие болады.