Шығыс Қазақстан облысы Глубокое ауданында жер үйде өрт шығып, 2 адам көз жұмды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, 30 қарашада сағат 06.37-де Белоусовка кентіндегі Мира көшесінде орналасқан жер үйде өрт шыққан. Қызыл жалын үй қабырғасын, жиһаздарды, тұрмыстық техника мен жеке заттарды шарпыды. Құтқарушылар өртті сөндіру барысында 1948 жылғы ер адам мен әйелдің мәйітін тапты.
Көп ұзамай 70 шаршы метрге жайылған тілсіз жау ауыздықталды. Сонымен қатар өрт сөндірушілер үй ішінен 2 газ баллонын алып шыққан. Өртті өшіруге жеке құрамнан 9 адам мен 5 техника жұмылдырылды. Алтын ала мәлімет бойынша өрттің шығуына – темекі шегу кезіндегі абайсыздық себеп болған.
«Өңірде жыл басынан бері жер үйдегі өрттен 46 адам көз жұмды. Көп жағдайда қайғылы оқиғалар өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтамаудың салдарынан туындап жатады. Сондықтан тұрғындарға барынша абай болуы қажеттігін ескертеміз», - деп хабарлады ведомство өкілдері.