Шу ауданында полиция қызметкерлеріне қарсы күш қолданған 13 адам полицияға жеткізілді. Олардың арасында 2 қыз да бар, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Ағымдағы жылдың 7 мамырына қараған түні Жамбыл облысы Шу ауданының полиция бөліміне бір топ адамның полиция қызметкерлеріне қатысты күш қолданғаны туралы хабарлама келіп түскен.
Шу қаласының көлік бекеті маңындағы алаңқай жанында патрульдік полиция қызметкерлері «ВАЗ-21014» маркалы автокөлігін алдыңғы жағында мемлекеттік нөмірі болмағандықтан тоқтатқаны анықталды.
Мән-жайды анықтау барысында автомашинаның жүргізушісі мен жолаушылары заңды талаптарға бағынбай, басқа да таныс адамдарымен бірлесіп, билік өкілдеріне қарсылық көрсеткен.
«ҚР ҚК 380-бабының 3-бөлігі (билік өкілдеріне күш қолдану) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.
Шу ауданының полиция бөліміне 13 адам, оның ішінде 2 қыз жеткізілді.
Қақтығыстың 8 белсенді қатысушысы ұсталды, 6 адамға «күзетпен ұстау» түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды, ал қыздарға қатысты үй қамағына алуға санкция берілді», - делінген полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарламасында.
Ведомство хабарламасында қылмыстың тағы бір белсенді қатысушысына қатысты «қамауда ұстау» түріндегі бұлтартпау шарасымен іздеу жарияланғандығы айтылған.
Қазіргі уақытта полицейлердің денсаулығына зиян келтіру дәрежесін анықтау мақсатында сот-медициналық сараптамасы тағайындалған.