Жамбылдық полицейлер Шу қаласының тұрғындарынан 96 келіден астам есірткі тәркіледі, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Қарасора-2021» және «Канал» республикалық жедел-алдын алу іс-шаралары барысында Жамбыл облысы Полиция департаментінің есірткі қылмыстарымен күрес басқармасының қызметкерлері Шу-Меркі автожолында «Ауди» көлігін тоқтатты.
«Шу қаласының тұрғындары болып табылатын 35 жастағы жүргізуші мен 46 жастағы жолаушыны және көлікті тексеру кезінде жүк салғыштан төрт қап табылып, оның ішінен жалпы салмағы 96 келі 900 грамм «кептірілген марихуана» есірткі заты анықталды», - деп хабарлады Жамбыл облысының Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Асқар Жұмабеков.
ҚР Қылмыстық кодексінің 297-бабының 3-бөлігі (Есірткі заттарын өткізу мақсатында аса ірі мөлшерде заңсыз сақтау) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Аталған қылмыс үшін мүлкі тәркіленіп, он жылдан он бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.
Ұсталғандар кінәсін мойындап, Шу қаласының уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды.