Ресей қорғаныс министрі Сергей Шойгу "арнайы операцияның бірінші кезеңіндегі негізгі мақсаттар орындалды, енді басты мақсат – Донбассты азат етуге көңіл бөлуге болады" деп мәлімдеді. Шойгудың сөзін 28 наурызда РИА Новости агенттігі таратты, деп хабарлайды Азаттық.
Ресей билігі Украинадағы соғысты "арнайы операция" деп атайды.
"Украинаның әуе күштері мен ракеталарға қарсы жүйелері жойылды. Теңіз күштерін де жойдық. Жаяу әскері мен десанттық әскерилері де көп шығынға ұшырады" деді Шойгу.
Бүгін, 28 наурызда Украина қарулы күштері Ресей Киев және Чернигов облысындағы әскерилерінің бір бөлігін шығарып, Донецк облысына жіберіп жатыр деп мәлімдеді.
Соғыс басталғалы Ресей билігі қарулы агрессиясының мақсатын әртүрлі сипаттаған. Басындағы мақсаты "демилитиризация" мен "денацификация" жайлы айтқан, кейін Кремль Киев, Одесса сияқты ірі қалаларды басып алуға тырысты.
Бірақ АҚШ қорғаныс министрлігі және батыс барлаушылары Ресей әскері Украинадағы соғыста әскери шығынға көп ұшырағанын айтқан. Бүгін, 29 наурызда Стамбулда Ресей-Украина келіссөзінің кезекті раунды басталды. Осы кездесудің алдында Британдық Financial Times басылымы дереккөздеріне сілтеме жасап, Ресей "денацификация" талабынан бас тартқанын жазды.
"Егер Украина өзін бейтарап ел деп жариялайтын болса, онда Кремль Украинаға денацификация жайлы талап қоюдан бас тартуға және Украинаның Еуропа Одағы құрамына енуіне келісім беруге әзір" деп жазды Financial Times.
Ұлыбритания мен АҚШ барлаушылары Ресей қазір Қырым түбегімен Ресейді байланыстыратын құрлықтық жол ашу үшін Украинаның шығысындағы қалаларды басып алуға күш салады дейді.
Қазір Ресей Украина шығысындағы Мариуполь қаласын қоршауға алған. Әскери сарапшылар Ресей Мариупольді басып алу арқылы Қырым мен жікшіл "ДХР" мен "ЛХР" сепаратистік аймағын жалғайтын жол ашуға тырысады деп санайды.