Шығыс Қазақстан облысының тұрғынына 2 млн теңгесін қайтармай, екі жыл Ресейде жасырынып жүрген ер адам табылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, көші-қон қызметінің негізгі бағыттарының бірі – атқарушылық іс жүргізу бойынша борышкерлерді іздестіру.
«Жыл басынан бері қызметкерлер сот орындаушыларынан жасырынып, қарыздарын төлемеген 100-ден астам азаматты анықтады. Борышкерлер төлем жасамау үшін тек Қазақстанда ғана емес, ел аумағынан тыс жерлерде де жасырынып жүрген. Мәселен, жуықта Ресей Федерациясына қашып кеткен 45 жастағы ер адамды тапты. Ол өңір тұрғынынан алған 2 млн теңгеге жуық қарызын қайтармау үшін көрші мемлекеттің аумағында екі жылдан астам уақыт бойы жасырынып жүрген», - деді ШҚО ПД көші-қон қызметі басқармасының бастығы Ербол Бекпаев.
Сот орындаушысынан атқарушылық іс келіп түскеннен кейін көші-қон қызметінің мамандары іздестіру шараларын жүргізіп, борышкерді анықтаған. Қарызды өндіріп алу үшін сот орындаушысына тиісті ақпарат жолданды.