Шығыс Қазақстан облысы Жарма ауданында сібір елігін атқан ер адам ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, Жарма ауданында полиция қызметкерлері «Семей орманы» РММ мамандарымен бірлесіп, Қалбатау ауылының маңындағы ерекше қорғалатын табиғи аумақты патрульдеуге шыққан. Соның нәтижесінде, сібір елігін заңсыз атқан 53 жастағы Шемонаиха ауданының тұрғыны ұсталды.
«Жедел-тергеу тобы қарда жүретін «Ranger» көлігін, 20 калибрлі «Сайга» мылтығын, 7, 62 мм калибрлі «BROWNING» мылтығын және еліктің етін тәркіледі. Мемлекетке келтірілген материалдық залал 2 000 000 теңгеден асады», - делінген ақпаратта.
Аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 337-бабы 4-бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Күдікті 3-тен 6 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылуы мүмкін.